СҚО-да жоғалған ер адамның денесі төрт күннен кейін Есілден табылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жоғалған 69 жастағы ер адамның денесі Есіл өзенінен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да жоғалған ер адамның денесі төрт күннен кейін Есілден табылды

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Есіл ауданы Бірлік ауылының 1952 жылы туған тұрғынын құтқарушылар 15-17 маусым аралығында Есіл өзенінен іздеді. Мамандар 44 шақырымды қарап шықты.

Іздеу жұмыстары кезінде ауылдан екі шақырымдай жерде Ильинка елді мекені бағытында ер адамның көлігі табылды. Сондай-ақ Есіл жағасында адамның жүрген іздері анықталды. Із өзенге кіріп жоғалған.

17 маусым күні сағат 12.58-де департаменттің іздеу тобы ер адамның денесін тапты. Үстінде киімі болған. Ағыс оны ауылдан 6 шақырымға алып кеткен. Марқұмның неден қайтқаны анықталады, сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Бұған дейін СҚО Есіл ауданы Бірлік ауылының 1952 жылы туған тұрғынының белгісіз жағдайде Есіл өзенінің маңында жоғалғанын айтқан едік.