СҚО-да жол апатының алдын алу үшін қауіпті учаскелерде макеттердің саны өспек
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында полиция мен жол қызметтері трассалардағы қауіпсіздік мәселелерін талқылап, кеңес өткізді. Бұған соңғы уақытта зардабы ауыр жол-көлік оқиғаларының жиілеуі себеп болып отыр.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір автожолдардың қысқы күтімін жақсарту және жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайту мінеті тұр.
Кеңес барысында «Қазавтожол» АҚ өз тарапынан жаңа мердігерлерді тарту және тиісінше жолдарды тазарту бойынша қосымша техника, облыс үшін сатып алынатын көктайғаққа қарсы реагенттердің көлемін ұлғайту туралы шешім қабылданды.
Полиция қызметкерлері жиында жүргізуші тәртібін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Автокөлік жүргізушілерінің кейбірі көктайғақ болған кезде күрделі учаскелерде жылдамдықты төмендете бермейді. Сондықтан мұндай қауіпті бөліктерді баннерлермен жарақтандыру, техника дұрыс тазалай алмайтын аумақтарда жылдамдықты шектеу белгілерін уақытша орнату ұсынылды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары автокөлік патрулін имитациялау үшін қызыл және көкпен жарқыраған маяктарды пайдалануды ұсынды.
«Тәжірибе көрсеткендей, бұл – жол-көлік оқиғасының алдын алудың тиімді құралы. Бірнеше жылдан бері облыста жарқыраған маяктары бар патрульдік көліктердің 18 жылжымалы макеті қолданылып келеді. Оларды қауіпті учаскелерге орнаттық, содан бері бұл жерлерде ауыр зардабы бар бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеді. Солтүстік Қазақстанның күрт құбылмалы климат жағдайында жүргізушілердің назарын аудару, жолдарда ауа-райына байланысты туындайтын проблемалар туралы уақытылы хабардар ету үшін түрлі құралдар қажет. Жол апатын азайту – кешенді шешімдерді қажет ететін міндет, полицияның мүдделі тараптармен жұмысы жалғасады», - деді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.