СҚО-да жол ережесін бұзған қоғамдық көлік жүргізушілеріне 800-ге жуық айыппұл салынды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл қоғамдық көлік жүргізушілерінің кінәсінен бір адам мерт болып, 10 адам жарақаттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жезқазған - Петропавл» автожолында патрульдік полицейлер Петропавл мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудан арасында қатынайтын автобусты тоқтатты. Құжаттарды тексеру барысында 51 жастағы жүргізушіде қажетті «D» санаты болмаған. Оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Автобус баланста тұрған ЖШС директоры да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы жыл басынан өңір жолдарында жолаушы тасымалдайтын көліктердің қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 10 адам жарақаттанды. Полиция қызметкерлері автобус жүргізушілері тарапынан жол ережесін бұзу жиі тіркелетінін айтты.
«Соңғы 7 айда қоғамдық көлік жүргізушілерінің жолда жүру ережесін бұзудың 766 дерегі анықталды. Соның 170-інде рөлде отырып телефонды қолданған, 140-ы - маневр жасау қағидаларын бұзуға және 54-і техникалық тексеруден өтпеуге қатысты. Мас күйде көлік басқарған 1 жүргізуші ұсталды. Бұдан бөлек, түрлі құқық бұзушылықтар үшін автобус паркінің 9 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.


Бұдан бөлек, жолаушы тасымалымен заңсыз айналысып жүрген такси жүргізушілері де тексерілді. Нәтижесінде тиісті тіркеуден өтпей кәсіпкерлікпен айналысқан 36 адам жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін Петропавл саябақтарының бірінен граната табылғанын айтқан едік. Оқиға орнына жеткен арнайы мамандар күдік тудырған заттың «УЗРГМ» типті оқыту гранатасы екенін анықтады.
