СҚО-да жол-көлік оқиғасында зардап шеккен бойжеткен тілге келместен қайтыс болды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасында жарақат алған 20 жастағы бойжеткен бір аптадан кейін қайтыс болды.

аурухана
فوتو: Kazinform

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ауыр жарақаттың салдарынан комаға түскен қызды өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, жүрек-қан тамыр қызметі арнайы препараттардың көмегімен жұмыс істеді. Жол-көлік оқиғасы кезінде оның өмірлік маңызды органдарына зақым келген, жабық бас-ми жарақатын алған, қан құйылып, бас сүйегі бірнеше жерден сынған.

Сол жол-көлік апатында жарақаттанған 45 жастағы әйелдің де жағдайы нашар, ес-түссіз жатыр. Ол да бас сүйек жарақатын алған, миы соғылып, қан құйылған, маңдайы жыртылып, бас сүйегі сынған.

Естеріңізге салайық, жол-көлік оқиғасы 2 ақпан күні «Жезқазған-Петропавл» тас жолында, Есіл ауданының Покровка мен Петровка елді мекендерінің аралығында болған. «Howo» жүк көлігі мен «Toyota Camry» соқтығысып, салдарынан жеңіл машинаның 43 жастағы жүргізушісі сол жерде көз жұмды.

«Toyota Camry» көлігінің төрт жолаушысы: 45-тегі әйел, 20 жастағы бойжеткен және 16 мен 17 жастағы жасөспірімдер түрлі жарақатпен емдеу мекемелеріне жеткізілді.