СҚО-да жол салу барысында миллиондаған қаржы жымқырылған

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік кірістер департаменті жетекшісінің орынбасары Нұрымжан Абатов айтты.
Оның сөзінше, бюджет қаржысы бүгінде «көлеңкелі» экономиканың басты қаржы көзі болып отыр.
«Біздің өңірімізде автмобиль жолдары мен ғимараттардың және түрлі нысандардың құрылысы барысында жасалған қылмыстар анықталуда. Құрылыс саласы бойынша 7 қылмыс анықталды. Келтірілген шығын 200 млн-нан астам теңгені құрап отыр. Бірқатар істер сотқа жолданды. Қалғандары аяқталуға таяу»,-деді Н.Абатов.
Ол таратқан деректер бойынша, мемлекеттік меншіктің құрылысы мен жөндеу жұмыстары барысында мемлекеттік сатып алу бойынша атқарылған жұмыстарды асырып көрсету арқылы бюджет қаржысынң жымқыру әрекеті негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында күдікті азаматтар қаржыны тергеу қызметкерлеріне берген. Шілде айында тексеру жұмыстары жүріп жатқанда мердігер ұйымның пайдасына шешім шығару үшін 500 мың теңге пара бермек болған А. Атты азамат ұсталды. Осыған байланысты мемлекеттік орган қызметкерін сатып алуға ұмтылу әрекеті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті Петропавл қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әзірге бұл оқиғаның қатысушыларының аты-жөндері тергеу жұмыстары жүріп жатуына байланысты жарияланбай отыр.