СҚО-да жолаушылар тасымалын субсидиялауға 30 млн. теңге бөлінеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚАЗАҚПАРАТ - Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы жоғары бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да жолаушылар тасымалын субсидиялауға 30 млн. теңге бөлінеді

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жергілікті билік органы әлеуметтік маңызы жоғары тарифтерді белгілеп, бекітуге міндетті. Осы ретте Солтүстік Қазақстанда «Петропавл - Ақсуат», «Петропавл - Молодогвардейское», «Петропавл - Қарақоға» бағыттары таңдап алынып, соның негізінде облыс әкімдігінің отырысы барысында тиісті шешім бекітілді.

 «Облыс бойынша орташа баға 7 теңгені құрайды. Ал әлеуметтік маңызы жоғары бағыттарға тариф 6 теңге деп бекітілді. Бағаны бұдан төмен түсіретін болсақ, облыс бюджетіне салмақ түсетін болады», - деді автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының бастығы Бейбіт Ісманов.

Оның айтуынша, аталған үш бағыттағы автобустарға облыстық бюджеттен жылына 30 млн. теңге бөлінеді.