СҚО-да жолда қалған 23 техника шығарылып, 63 адам құтқарылды
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, боран туралы өңір халқына алдын ала ескертіледі. 508 мың адамға SMS хабарлама жіберіледі, БАҚ және «Дәрмен» мобильді қосымшасы қолданылады. Дауылды ескерту жайында жергілікті билік, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына да ескертіледі.
22 қаңтар күні қолайсыз ауа райының тууына байланысты жол апаттарының алдын алу мақсатында СҚО-да республикалық және облыстық маңызы бар алты бағытқа автожол жабылды.
Алайда мамандарға жолдың жабылғанына қарамастан жолға шығып, қар кептелісінде қалғандарды құтқаруға тура келді. 63 адам, соның ішінде 8 бала және батып қалған 23 техника қар құрсауынан шығарылды.
Апатты-құтқару жұмыстарына 7 техника және 13 адам жұмылдырылды. Көмек дер кезінде келгендіктен зардап шеккендер, қаза тапқандар жоқ.