СҚО-да ЖРВИ-мен ауырғандардың шамамен 70 пайызы - балалар

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, эпидемиологиялық маусым басталғалы өңірде 27 429 адам жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырып, дәрігерге қаралған. Бұл алдындағы эпидмаусыммен салыстырғанда 21 %-ға артық.
Соңғы бір аптада инфекцияны 171 адам жұқтырған. Мамандардың айтуынша, ЖРВИ-дің беті қайтты. Өйткені оның алдындағы аптамен салыстырғанда ауырғандар саны 2,9 есе азайған. Эпидемиологиялық маусымның 11 аптасында өңірде 499 адамға ЖРВИ диагнозы қойылған еді.
«Вирустық инфекциямен негізінен балалар ауырып жатыр. Өткен аптада вирус жұқтырғандардың 68%-ы – 117 адам 14 жасқа дейінгі балалар. 15-29 жас аралығындағылардың үлесі – 22 адам, бұл 12,8%, 30-64 жастағылардың 26-сы немесе 15,2 % ауырған. Ал 65 жастан асқандардың үлесі небары 4 %, 6 адам дәрігердің көмегіне жүгінген. 15 сырқат ауруханаға жатқызылды», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Салтанат Бекқожина.
Биыл тұмау жұқтырғандар саны да артқан. Былтыр бір де бір жағдай тіркелмесе, биыл А типті тұмаумен ауырған 35 адам анықталды.
«Тұмаудың алдын алудың ең тиімді тәсілі – екпе салдыру. Вакцинаны дер кезінде қойдыру тұмаудың жеңіл өтуіне сеп, ауру ұзаққа созылмай, асқынбай тез өтеді. Бұдан басқа, әрине иммунитетті көтеру қажет: дене шынықтырумен айналысып, дұрыс тамақтанған жөн, дәрумен-минералдар кешенін қабылдаған дұрыс. Ауырған адамдармен ара қашықтық сақтап, отырған бөлмені жиі желдету, таза ұстау керек.
Вирустық инфекцияны жұқтырған жағдайда үйден шықпай, дәрігерді шақыру қажет. Отбасының басқа мүшелеріне жұқтырмау үшін медициналық маска тағып, жеке гигиена талаптарын сақтау керек. Бұл басқаларға ауруды жұқтырмау және вирустық инфекцияны әрі қарай таратпау үшін қажет», - дейді Салтанат Бекқожина.