СҚО-да жүк көлігі аударылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тапсырыспен ауылға көмір әкеле жатқан жүк көлігі аударылып, тапсырыс беруші әйелді полицейлерге жедел түрде ауруханаға жеткізуге тура келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Жезқазған-Петропавл автожолындағы 933 шақырымда болған. «Красная горка» ауылына тапсырыспен көмір алып бара жатқан «ЗИЛ» көлігі көктайғақтың салдарынан жолдың жиегіне шығып кетеді. Жүргізуші жарақат алған жоқ, бірақ машина бүйірінен түсіп, көмірі шашылған.
Жолдан шығып кеткен көлікті сол жолда қызмет көрсететін патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Мирас Омаров пен Антон Жежера көрген. Олар Подгорное ауылында салынып жатқан зауыттың құрылысында жүрген жұмысшылардан көмек сұрайды. Жұмысшылар өз басшыларына қоңырау шалып, ауыр техникамен көмекке келді.

Көмірге тапсырысты 62 жастағы әйел баласымен берген екен. Олар апат болғанын естіп, оқиға орнына жеткен. Жол бойында шашылып жатқан көмірді көріп әйел алқынып, дем ала алмай қалған. Полицейлер оны бірден патрульдік көлікке отырғызып, Петропавлға жеткізді.
«62 жастағы әйелге жақында жүрегіне ота жасалған екен. Бірден кардиологиялық орталыққа аттандық. Мен көлік жүргіздім, менің серіктесім әйелді тыныштандырып, су берді. Көшеден кедергісіз өту үшін арнайы белгіні қостық, дәрігерлерге алдын-ала хабарладық. Кардиологиялық орталықтың дәрігерлері науқасты арнайы арбаға отырғызып әкеткеннен кейін ғана, оның сенімді қолда екеніне көзіміз жеткесін кері қайттық», - дейді Мирас Омаров.
Жүк көлігін трактор жүргізушісі тартып шығарды. «ЗИЛ» көлігінің иесі таныстарын шақыртып, көмірді қайта тиеді.
Полицейлердің айтуынша, көмір жеткізуші тапсырыс берушілерден дәрі-дәрмекке ақша қажет болар деп, көмір тасымалдағаны үшін ақы алмауды шешкен.
Ал екінші күні «Красная горка» елдімекенінің тұрғынынан СҚО Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың атына ауырған анасына дер кезінде көмек көрсеткен тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірген алғыс хат келді.
