СҚО-да жұмыс істейтін әйелдердің жартысы өз кәсібін дөңгелентіп отыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Qyzyljar Development Days» атты үш күндік конференция өтіп жатыр. Мақсат – кәсіпкер әйелдердің экономикалық құқығы мен мүмкіндігін ұлғайту, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпкер әйелдерге арналған үш күндік жиынды палата жанындағы іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған.

«Қазақстанда қазіргі уақытта шағын өз ісін дамытып жатқан әйелдердің үлесі 50 % және бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Орта және ірі бизнесте қыз-келіншектердің үлесі аз. Бұл өсу кризисіне байланысты. Бұл қандай термин, оны қалай бағындыру керек – конференция барысында тренингтер өтіп, арнайы шақырылған мамандар осы жайында ақыл-кеңес береді. Біздің мақсатымыз – әйелдеріміздің әрі қарай дамуына, қиындықтарды қорықпай еңсеруіне көмектесу. Бұл үш күндік жиын кәсіпкер әйелдерге ғана емес, мемлекеттік қызметте жүрген және депутат қыз-келіншектерге де пайдалы болмақ», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Әсел Есжанова.

Қазіргі уақытта СҚО-да 142 мың әйел еңбек етеді. Соның тең жартысына жуығының өз кәсібі бар.

«Әйел кәсіпкерлер экономикаға айтарлықтай үлес қосып келеді. Олар жаңа кәсіпорындар ашып, өнім өндіруде, қызмет көрсетіп жатыр және жұмыс орындарын ашуда. Бұдан басқа 38 мың әйел өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Мемлекет те бизнеске барынша қолдау көрсетіп келеді», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының жетекшісі Тимур Бекеев.

Наурыз айында осы мақсатта кәсіпкерлер палатасы жанынан әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылып, жұмыс істеп жатыр.

«7 айдың ішінде 350 әйел біздің көмегімізге жүгінді. Олардың кейбірі бірнеше қызмет түрін алды. Қазіргі уақытта 100 шақты қыз-келіншекті оқыттық. Олар нарықта сұранысқа ие мамандықтар – «визаж», «массаж жасау», «іс тігу» сияқты курстардан өтті, жаңа кәсіп меңгерді», - дейді осы орталықтың кеңесшісі Ирина Васильева.


Соңғы жаңалықтар