СҚО-да жүргізуші куәлігін «сатқан» алаяқ сотталды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 16 адамды алдап, емтихансыз жүргізуші куәлігін алып берем деген алаяқ сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтық жасады деген күдікпен жазда Көкшетау қаласының 35 жастағы тұрғыны ұсталды.
Ол емтихансыз жүргізуші куәлігін әперем деп 16 адамды тақырға отырғызған. Зардап шеккендер - СҚО мен Ақмола облысының тұрғындары.
«Ол бұрын осындай қылмыстар жасағаны үшін сотты болған. Алайда ер адам түзелмей, баяғы әдетіне басқан. Алаяқ адамдарға Астанада таныстары барын айтып, емтихан тапсырмай-ақ ақшалай сыйақыға жүргізуші куәлгін алуға болатынын айтқан. Сонымен қатар өзіне жүгінген алғашқы құрбандарынан олардың таныстары да оңай жолмен жүргізуші куәліктерін алғысы келмей ме екендігін білуді сұраған», - дейді полицейлер.
Осылайша алаяқтың қармағына Тайынша ауданының 14 тұрғыны, Ақжар ауданынан 1, Көкшетау қаласынан 1 адам іліккен.
Зардап шеккендер ер адамға ақша аударып, өздеріне, жұбайлары мен балаларына да жүргізуші куәлігін алу үшін тапсырыс берген.
СҚО полицейлері алаяқты анықтап, 16 эпизод бойынша материалды сотқа тапсырды.
Жәбірленушілерге келтірілген шығынның сомасы 1,5 миллион теңгеден астам.
Сот қаскөйді 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, соңғы кездері алаяқтықтың осындай түрі өршіген: Петропавлда 3 факті тіркелді.
Полицейлер белгіленген процедураларды айналып өтіп алған құжат заңсыз болып табылатынын еске салады және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырады.