СҚО-да жыл басынан колонияларға 60 ұялы телефон өткізілмек болған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қылмыстық атқару жүйесінің максималды қауіпсіздіктегі №51 мекемесіне Ақтөбе тұрғыны 4 ұялы телефонды кіргізбек болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, №51 мекеме қызметкерлеріне құқық бұзушы жайында жедел ақпарат түскен. Нәтижесінде максималды қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғанға сәлемдеме беру кезінде мамандар спутниктік антеннаға арналған тюнерден Samsung маркалы 4 ұялы телефон және Altel ұялы байланысының 1 сим-картасын тауып, тәркіледі. Тыйым салынған заттар қуат көзі муляжында жасырылған екен.

Сәлемдеме тонау қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан сотталғанға арналған. Оны Ақтөбе қаласының тұрғыны жіберген. Заңды бұзған әйелге қатысты материал жиналып, тиісті шешім қабылдау үшін тұрғылықты жері бойынша сотқа жіберілді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабының 1-бөлігіне сәйкес ол ескерту алуы немесе 10 АЕК - 34500 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Жалпы биыл жыл басынан СҚО бойынша ҚАЖД ведомстволық бағынысты мекемелерінің қызметкерлері тыйым салынған заттарды лақтыру, сәлемдемелер, автомобильдер және азық-түлік арқылы өткізбек болу әрекеттері кезінде барлығы 60 ұялы телефонды тауып тәркіледі.


Соңғы жаңалықтар