СҚО-да жыл басынан мас жүргізушілер 5 жол апатын жасады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан автокөлікті мас күйде басқарудың 68 дерегі тіркелсе, соның бесеуінде жүргізушілер көлік апатына жол берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да жыл басынан мас жүргізушілер 5 жол апатын жасады

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданында мас күйде көлік тізгіндеп, жол апаты орнынан ізін суытқан жүргізушіге қатысты сот отырысы өтті.

1 қаңтар күні «Toyota Mark II» автокөлігін басқарған 23 жастағы аудан тұрғыны «Mercedes-Benz» автомобилімен соқтығысты. Көлік ішіндегі екі адам зардап шекпегенімен, машинаға зақым келген. Кінәлі оқиға орнынан ізін суытқан. Полицейлер оны бірнеше сағат ішінде анықтап, ұстады. Медициналық куәландыру оның мас болғанын көрсетті.

Соттың үкімімен ауыл тұрғыны 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Облыста жыл басынан автокөлікті мас күйде басқарудың 68 дерегі анықталды, соның бесеуінде жүргізушілер жол-көлік оқиғасына жол берген. 59 факті бойынша материалдар сотқа жіберілді. 54 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 29-ы әкімшілік қамаққа алынды, 42 жүргізуші басқару құқығынан айырылды.