СҚО-да жыл сайын 60 мыңнан астам әйел жатыр мойны қатерлі ісігіне тексеріледі

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жатыр мойнының қатерлі ісігін ерте бастан анықтау мақсатында жыл сайын 60 мыңнан астам зерттеу жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да жыл сайын 60 мыңнан астам әйел жатыр мойны қатерлі ісігіне тексеріледі

СҚО онкологиялық орталықтың зертхана меңгерушісі Фарида Тюменеваның айтуынша, онкодиспансерде 40 жылдан артық цитологиялық скрининг жүзеге асырылып келеді. Зерттеудің бұл түрі жатыр мойны ісігін ерте бастан анықтауға мүмкіндік береді.

«Жатыр мойнында қатерлі ісік пайда болуы мүмкін тәуекел тобын жасақтау үшін әйелдерді жаппай цитологиялық тексерістен өткізу керек.

Емханаларда қарау кабинеттері бар, гинекологтар да қабылдауға келген барлық әйелдерден зерттеу үшін материал алады. Мұнда олардың жасына шектеу жоқ», - дейді Фарида Тюменева.

«Алынған материал орталықтандырылған цитологиялық зертханаға жіберіледі. Бұл жерде жылына 60 мыңнан астам зерттеу жасалады.

Нәтижесінде орта есеппен 2 мыңнан астам әйел тәуекел тобына алынса, соңғы 5 жыл бойы 40-қа жуық адамнан жатыр мойны қатерлі ісігі анықталып келеді», - дейді зертхана меңгерушісі.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл ауру негізінен 40-50 жастағы әйелдер арасында жиі кездеседі. Бірақ соңғы кезде 35 жасқа жетпеген қыз-келіншектерде де анықтала бастаған.

«Жатыр мойны обырын емдеуге болады. Өйткені қатерлі ісік ақырын өседі және гинекологиялық бақылау кезінде оны асқындырмай көруге болады.

Аурудың пайда болуына көп нәрсе әсер етеді. Мұның ішінде тұқым қуалаушылық та бар. Жыныстық қатынасқа ерте – 14-18 жастан бару, темекі шегу, бей-берекет жыныстық қатынас, гормоналды препараттарды қабылдау, эрозия сияқты ауруларды дер кезінде емдетпеу обырдың дамуына әкелуі мүмкін», - дейді СҚО көпбейінді аурухананың онкологиялық ауруханасының онколог дәрігері Ирина Астанина.

Жатыр мойны қатерлі ісігі көпке дейін сыр бермейді, ауырмайды. Тек асқынған кезде ғана әйелдің мазасын алуы мүмкін. Сол себепті дәрігерлер әйелдерге жылына бір рет гинеколог маманға көрініп тұруға кеңес береді.