СҚО-да жыл сайын жаңадан 1,5 мың адамнан қатерлі ісік анықталады
СҚО көпбейінді онкология ауруханасының онколог дәрігері Ирина Астанинаның айтуынша, обыр ауруы адам таңдамайды, онымен жас та, кәрі де, бай да, жұмыссыз да ауыруы мүмкін. Алайда дерттің емі бар. Тек уақытын өткізіп алмай, дер кезінде дәрігерге көрінген жөн.
«Қатерлі ісік диагнозы қойылғанда көп жағдайда ол сырқатты есеңгіретіп жібереді. Неге мен ауырдым, енді не істеймін, күресемін бе, әлде тағдырға мойынсұнып, қабылдаймын ба деген сұрақ туады. Науқас өз дерті жайында толық білуі тиіс. Дәрігер берген ақпарат оған түсінікті ғана болмай, үміт те беруі керек. Кей кезде сырқат үшін шешімді оның туыстары қабылдап, зиян тигізіп жатады. Мамандардың ешқайсы сырқаттың тәуір болатынына 100 % кепілдік бермейді», - дейді Ирина Астанина.
Дәрігердің айтуынша, қатері ісікпен ауырған сырқаттардың басым бөлігі онкологтың емін қабылдап, айтқандарын қалтқысыз орындауға тырысады.
«Бізде 5 жыл және одан да көп өмір сүріп жатқан сырқаттарымыздың тізімі бар. Бұл біз үшін өте маңызды. Қазір онкология дамып келеді. Орталыққа да жаңа қондырғылар алынып жатыр. Күрделі оталар жасалады. Қатерлі ісіктің алдын алуға көп көңіл бөлінеді. Басаларға үлгі боларлық науқастарымыз да көп. Олар аурумен күресіп қана қоймай, қалыпты өмір сүріп жатыр, яғни жұмыс та істейді, қоғамдық өмірге де белсене араласады, шығармашылық биіктерден де көрініп жүр», - дейді онколог дәрігер.
Жыл сайын СҚО-да жаңадан 1,5 мың адамда обыр анықталады.
«Менің бір пациентім – әйел адам 2003 жылдан бері қатерлі ісік ауруымен ауырады. Кешенді ем алғаннан кейін 5 жыл жағдайы жақсы болды. Кейін қайта ауруы өршіді. Тағы да емдедік. Екі жылдан кейін метастаз пайда болды. Бірақ ол аурумен күресті тоқтатқан жоқ. Жұмыс істейді, өзін күтеді, «менің болашаққа жоспарым көп, аяқталмаған істерім бар» дейді. Кейде санаулы ғана күні қалды деген науқастарымыз аяққа тұрып кетіп жатады. Мұның құпиясы неде екенін түсіну қиын. Өкінішке орай ауруын асқындырып алып келетіндер де бар. Олар «бір дәрімен» тезарада жазылып кеткілері келеді. Бұл дұрыс емес. Дәрігер мен науқас біріге әрекет еткенде ғана ауруды жеңуге болады», - дейді Ирина Астанина.
Дәрігердің пікірінше, сырқат аурумен күреске дайын болып, позитивті ойлауы қажет. Қатерлі ісік диагнозы қойылған науқастардың 80 %-ы мойынсұнбай, болашақтан үмітін үзбейді.
«Кей сырқаттарға психологтардың көмегі керек. Енді біреулері диагноз қойылғаннан кейін де сенбей, «менің еш жерім ауырмайды, ауқатым жақсы» деп ем алудан бас тартады. Кейін жағдай ушыққанда жақынының сүйемелдеуімен келеді. Обыр – бұл тұмау емес, ойламаған жерден пайда болып, екі-үш күннен кейін басылатын. Сол себепті оны ерте бастан анықтап, ем қабылдаудың маңызы зор. Аурудың ерте кезеңінде кейді бір отамен ғана емдеп жазуға болады», - дейді онколог.
Елімізде 2005 жылдан бастап жатыр мойны және сүт безінің қатерлі ісігін ерте бастан анықтау мақсатында екі скринингтік бағдарлама қолға алынған. 2011 жылдан бастап олардың қатарына тік ішек қатерлі ісігіне жүргізілетін скрининг қосылды.
Ақерке Дәуренбекқызы