СҚО-да жыл соңына дейін 5 жаңа сүт фермасы іске қосылмақ
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 11 заманауи сүт фермасы салынып жатса, жыл соңына дейін соның 5-еуі іске қосылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Аққайың ауданында болып, биыл салынған жаңа ферманың жұмысын көрді. Бұл жайында облыс басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Жаңа сүт фермасына Геннадий Зенченконың немересі Иван Зенченко 1,2 млрд теңге инвестиция құйған.
«Геннадий Иванович Зенченко 2008 жылы елімізде алғашқылардың бірі болып Елбасының қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» Алтын Жұлдызын алды. Арада 12 жыл өткенде, немересі Иван Зенченко заманауи ферма салып, атасының ісін жалғастырып жатыр. Геннадий Иванович немересін жанынан тастамай, еңбекке баулыды, жерге, еңбекке және адамдарға деген сүйіспеншілікті қалыптастырды», - деп жазды өңір басшысы.

Университеттен кейін Иван Зенченко ауылға оралып, содан бері ол ауылдастарымен бірге талмай еңбек етіп жатыр.
«Ол қалада қалып, барлық процесті қашықтан басқаруына болар еді. Былтыр Иванның ұлы дүниеге келді. Геннадий Ивановичтің шөбересі Зенченко отбасының еңбек династиясын жалғастырып жатыр. Ұрпақтар сабақтастығы ауылдарды сақтауға және дамытуға, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - дейді өз жазбасында Құмар Ақсақалов.

Жаңадан салынған сүт фермасы цифрлы және автоматтандырылған. Толық қуатына көшкенде 40 адамға дейін жұмыс істейтін болады. Заманауи ферма жылына 10 мың тоннаға дейін сүт өндірмек.
«Айдың аяғына дейін біз облыста 5 жаңа ферманы іске қосамыз. Биыл облыста барлығы 11 сүт кешені салынып жатыр. Сүт фермаларының құрылысына мемлекет 3 млрд теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткенін атап өткен жөн. Биыл Қазақстанда 20 ферма іске қосылған, олардың әр төртіншісі Солтүстік Қазақстан облысында ашылады», - дейді облыс әкімі.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, келер жылы облыста тағы 10 ферманың құрылысы басталады. Жалпы өңірде 21 ферманың іске қосылуы жыл сайын 51 мың тоннадан астам сүт өндіруге және 500 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
