СҚО-дағы кардиологиялық орталыққа 710 млн теңгенің заманауи ангиографы алынды
СҚО-да биыл 5,1 млрд теңгеге заманауи медициналық қондырғылар алынбақ. Солтүстік Қазақстан облысындағы көпбейінді аурухананың кардиологиялық орталығы кардиологиялық, аритмологиялық, ангиохирургиялық - жалпы қан айналым жүйесінің ауруларын емдеуге мүмкіндік заманауи ангиографпен толықты, деп хабарлайды Kazinform.
Кардиологиялық орталық дәрігерлерінің айтуынша, жаңа қондырғымен қазіргі уақытта күніне 10-15 адамға ота жасалады. Ерекшелігі – сырқатқа наркоз салынбайды және операция тілік арқылы жүргізіледі. Ал дәрігер алдындағы үлкен монитордан науқастың қан тамырын жақыннан көре алады.
«Мұндай заманауи қондырғылар жүрек-қан тамырлары ауруларын өзімізде емдеуге мүмкіндік береді. Мәселен өңірде инфаркттан қайтыс болу көрсеткіші 2 есеге азайды. Бұл өте жақсы нәтиже. Жалпы мұндай қан айналым жүйесіне оталарды біз 2009 жылдан бері істейміз. Тәжірибеміз бар», - дейді бөлімше меңгерушісі Дмитрий Те.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта кардиологиялық орталық жүрек қақпақшасын өздігінен ауыстырады. Былтыр осындай 30 ота жасалған. СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов емдеу мекемесін аралап, ангиографтың мүмкіндіктерімен танысты.
«Ангиографтың көмегімен біздің кардиохирургтар жүрек пен қан тамырларына жоғары технологиялық оталар жасауда. 3D бейненің арқасында инфаркт, инсульт және басқа да ауруларды емдеу жақсарды. Айта кету керек, бұл кардиологиялық орталыққа орнатылған екінші ангиограф. Тағы бір заманауи ангиограф көпсалалы қалалық ауруханада орнатылуда. Жалпы, 2024 жылы облыста медициналық қондырғыларды алуға 5,1 млрд теңге бөлінді. Біздің ауруханалар УЗИ, цифрлық рентген, өкпені жасанды желдету құрылғылары, флюорографтар және наркоз-тыныс алу аппараттарымен толығады», - деді өңір басшысы.