СҚО-дағы қырық градус аязда қатпайтын ерекше көл өңірдің сакралды картасына енгізілді

Көлік министрлігі Жайық-Каспий каналын тереңдетуді ұсынды
Фото: ortcom.kz

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы Теке көлі өңірдің сакралды картасына енгізілді.

Бұл туралы СҚО тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы мәлім етті.

Теке көлі Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылының солтүстік-шығысына қарай 40 км жерде орналасқан. Алып жатқан аумағы Петропавлдан үлкен, ұзындығы – 33, ені 20 км шамасында. Ең терең жері небәрі 1 метр. Ерекшелігі – бір литр суда 300 граммға дейін тұз бар. Яғни суы көпке танымал Өлі теңіз суының құрамымен бірдей. Сондықтан қандай аяз болмасын, бұл көл қатқан емес.

Көлді шаян тәріздес жәндік – артемия салина мекендейді. Мамандардың айтуынша, ол тек экологиялық таза, тұзы жоғары көлдерде кездеседі. Мұндай көлдер тек Қазақстанда, Ресейде және АҚШ-та ғана бар.

Қазақтар үшін бұл су қоймасының орны бөлек, ол ежелден қасиетті орын болып саналады және аңыздармен көмкерілген.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, батырлар мұнда жараларын емдік балшықпен емдеуге келген.

Тағы бір аңыздарда Теке көлінің бұрын теңіз болғандығы айтылады. Маңында аққайыңдардың ну орманы болған екен. Қаулап өскен ағаштан жалғыз қалған аққайыңды көрген ауыл тұрғындары бар. Киелі ағаш 1986 жылы өсуін тоқтатты.

Теке көлінің суы қасиетті деп саналады, жазда өңір тұрғындары, ресейліктер емделуге келеді.

Соңғы жаңалықтар