СҚО-дағы Көбенсай ауылында таза су мәселесі бар ма

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданындағы Көбенсай ауылына таза су беру қондырғысы орнатылғанымен, тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармаған.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Ауыл тұрғындары мәселені көтеріп, әлеуметтік желіде жариялады. Бейнежазба авторының айтуынша, ауылды сумен қамтамасыз етуі тиіс су беру қондырғысының айналасын арам шөп басқан. Стратегиялық маңызы бар нысан ашық-тесік жатыр, есігіне құлып салынбайды, ағаш тіреуіш қана тұр. 

- Иесіз қалған, ешкім қарамайды, су сорғысынан су далаға ағып жатыр. Сосын қайдан қысым болады, - дейді Көбенсай ауылының тұрғыны.

Көбенсай елді мекені қарайтын Телжан ауылдық округінің әкімі Сәния Өтегенованың айтуынша, бұл нысан 2023 жылы пайдалануға берілген.

- Елді мекенде 86 үй бар және 322 адам тұрып жатыр. Қазір ауылда су бар, - дейді Сәния Өтегенова.

Бұл мәселеге қатысты Уәлиханов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі жауап берді. Мамандардың айтуынша, ауылды сумен жабдықтау жобасына 296 млн теңге жұмсалған.

- 2023 жылдың желтоқсан айында нысан Уәлиханов ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің меншігіне берілді. Қазіргі уақытта нысан қоршалып, күзетке алынған. Сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, айналасындағы шөп шабылып, қоқыстан тазартылып жатыр. Нысанды «Қызылту Су Арнасы» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына беру рәсімі басталды, - деп жауап берді тілші сауалына әкімдік өкілдері.

Жауапты мекеменің мәліметінше, қазіргі уақытта Көбенсай ауылында ауыз суға қатысты мәселе жоқ. Дәлел ретінде арнайы бейнежазба да жасаған екен.

Бұған дейін барлық кәсіпорын су үнемдеудің бес жылдық жоспарын әзірлеуге міндеттелгенін жазған едік.