СҚО-дағы қоғамдық штабтар 10 мыңнан астам адамға кеңес берді

Қоғамдық штаб
Фото: Болат Қожахметов

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге коммуникациялық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетін қоғамдық штабтар жұмыс істеп жатыр. Құрылғалы бері штаб мүшелері он мыңнан астам адамға кеңес берді.

Қоғамдық штаб Петропавлда және тасқыннан зардап шеккен Ғ. Мүсірепов, Тайынша, Есіл, Қызылжар, Шал ақын аудандарында құрылды. Облыс бойынша оның құрамына 159 адам кірген. Негізінен штабқа үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері, жастар, кәсіпкерлер, блогерлер, мәслихат депутаттары, партия өкілдері, діни қызметкерлер, заң және қаржы саласындағы сарапшылар мүше.

СҚО
Фото: Болат Қожахметов

Қоғамдық штаб мүшелері зардап шеккендерге өтемақы алу тетігін түсіндіру үшін бастапқыда эвакуация пункттерінде күн сайын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қазір үйлері суда қалған тұрғындармен уақытша тұру орындарына барып кездесіп жатыр.

Болат Қожахметов «Қазақстан халық партиясы» облыстық филиалы төрағасының орынбасары. Сондай-ақ Петропавл қалалық мәслихатының депутаты. Ол Петропавл кәсіби-педагогикалық жоғары колледжінің жатақханасына бекітілген. Бұл жерде де тасқыннан зардап шеккендер уақытша тұрып жатыр. 

«Бұл уақытша тұру пунктінде Косогор, Ойқала, Хромзауыт шағыгн аудандарының, Заречный кентінің және Ольшанка мен Большая малышка елдімекендерінің тұрып жатыр. Арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да, балалар да бар. Студенттер жатақханасы секциялы, әрқайсысында екі бөлмеден, жуынатын және дәретханалары бөлек, ыңғайлы. Қазір тұрғындар үш мезгіл ыстық тамақпен тегін қамтылған, колледж асханасынан тамақтанады. Бірінші қабатта гуманитарлық көмекті тарататын орталық та бар. Ал біздің негізгі міндетіміз, халықпен кездесіп, жағдайларын білу, біржолғы өтемақы алуына көмектесу. Сондай-ақ шығындарын өтеуге қатысты құжаттарын жинауға, банкте несиелері болса, мерзімін кейінге шегеруге жәрдемдесу», - дейді Болат Қожахметов.

Қоғамдық штаб мүшелері үйлестіру қызметін де атқарып жатыр.

СҚО
Фото: Болат Қожахметов

«Өтінішпен келген тұрғынның мәселесін өзіміз шеше алмасақ, қалалық әкімдікке хабарласамыз. Осылайша зардап шеккендерге көмекке нотариустар, заңгерлер және халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары келді. Нәтижесінде зардап шеккендердің басым бөлігі екі күннің ішінде біржолғы төлемді алды», - Болат Қожахметов.

Депутаттың айтуынша, зардап шеккендердің мәселелері көп. Мәселен, бірінің үйінің құжаты толық емес. Енді бірінің атында екі үй болғанымен біреуінде өзі, екіншісінде баласы тұрған.

Қоғамдық штаб
Фото: Болат Қожахметов

«Суға кеткен үйлерді жалға алып тұрғандар да бар. Олар баспана иесімен заңды түрде келісімге отырмаған. Суға кеткен мүлкімізді енді қалай қайтарамыз деп сұрайды. Ал, Заречный кентіндегі көпқабатты үйлердің бірінші қабаты суға кетті. 2-3 қабат тұрғындарына бұған дейін 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем берілмейді деген, енді мұндай көмекті бәрі алатын болды», - дейді қоғамдық штаб мүшесі.

Жалпы, облыстағы қоғамдық штаб мүшелері гуманитарлық көмек жинау пункттерінің жұмысын да үйлестіріп, жеткізілген көмекті сұрыптау бойынша өтінімдерді, жинақтауды, есепке алуды ұйымдастырады, сондай-ақ эвакуацияланғандардың орналасқан жерлеріне қажетті көмекті жеткізу бойынша жұмыстарға көмектесіп жатыр.

СҚО
Фото: Болат Қожахметов

Бұған дейін СҚО-да судан зардап шеккендерге арналып «Солнечный-2» кентінде алғашқы үйлердің құрылысы басталғанын айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар