СҚО-дағы мектептер 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен жабдықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында 444 мектеп болса, соның барлығында қауіпсіздік шаралары қолға алынған.

СҚО-дағы мектептер 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен жабдықталды
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Анафинаның айтуынша, өңір мектептеріне 11 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 4 мыңға жуығы мектеп ішіндегі жағдайды бақылайды.

— Ескерту жүйесі 352 мектепте бар. Оның ішінде барлық террористік тұрғыдан осал 284 нысан да қамтылған. Дабыл түймелері 349 мектепте бар. Жедел басқару орталығына 270 білім беру ұйымы қосылған, оның ішінде террористік тұрғыдан осал нысандардың 82% қамтылды. 99 мектепте мамандандырылған күзет бар, — дейді Динара Анафина.

Маманның айтуынша, 2025 жылдан бастап облыстың мектептері мен колледждерінде отбасы, әйел мен бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111» бірыңғай республикалық байланыс орталығына жедел жүгіну үшін QR-кодтар енгізілді.

— Өңірде психологиялық қолдау орталығы ашылды. Орталықтың мақсаты — балалардың, ата-аналар мен мұғалімдердің психологиялық жағдайын нығайтуға және мәселелерін шешуге бағытталған психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құру. Орталықта тәулік бойы «сенім телефоны» арқылы тегін анонимді психологиялық көмек көрсетіледі. Оған 8 800 080 8150 нөмірі бойынша хабарласуға болады. Орталық 402 адамға, 93 ата-анаға, 241 оқушыға және 68 педагогқа әдістемелік және консультациялық көмек көрсетті, — дейді Динара Анафина.

Естеріңізге салайық, Петропавл мектептеріне жасанды интеллект жүйесі бар бейнекамералар қойылып жатқанын жазған едік. 



Соңғы жаңалықтар