СҚО-дағы Сергеев су қоймасындағы жағдай күрделене түсті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына қатысты жағдай күрделене түсті. Мамандардың хабарлауынша, 15 гидрологиялық бекеттің 5-еуінде су деңгейі қауіпті межеге жақын қалды. Екеуінде өзен тасып жатыр. 

СҚО
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Соколовка елді мекені маңынан өтетін Иманбұрлық өзені тасып жатыр, қауіпті деңгей 560 см болса, қазір сағат 16.00-дегі деңгейі 572 см көрсеткен. Таңғы сағат 8.00-ден осы уақытқа дейін су жарты метрге көтерілді.

Сергеев қаласы маңынан өтетін Есіл өзені деңгейі де осы аралықта бірден 212 см-ге артты. Қауіпті көрсеткіш 1 500 см болса, қазір 1 123 см-ге жеткен. 

Сергеев су қоймасындағы жағдай да күрделі. Бөгеннің ернеуінен асып төгілуі 2016 жылғы ауқымды су тасқыны деңгейінен асып кетті. Осыдан 8 жыл бұрын шарықтау шегінде 200 см-ге жетсе, қазір 260 см биіктікте асып төгіліп жатыр. 

Облыстағы Шарық, Бабықбұрлық, Қамысақты өзендернің суы да толығып жатыр. 

Естеріңізге салайық, былтыр Сергеев су қоймасы 8 сәуірде 196 см-ге дейін көтеріліп, шарықтау шегіне жетті.

Бұған дейін СҚО-да өзендер суының күрт көтерілуіне байланысты ескерту жарияланғанын хабарлаған едік.