СҚО-дағы Тепличное ауылынан тұрғындарды эвакуациялап жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Есіл өзенінің тасуына байланысты Солтүстік Қазақстан облысы Тепличное елді мекенінен тұрғындар қауіпсіз жерге шығарыла бастады.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл - азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін алдын ала қолған алынған шара. Бүгін сағат 15.00-де басталған жұмыс сағат 18.00-ге дейін аяқталуы тиіс.

– Көлікпен тасымалдауға мұқтаж тұрғындар үшін арнайы көлік және жедел жәрдем қызметтері ұйымдастырылады. Қосымша ақпарат алу үшін 87153821201 нөміріне хабарласуға болады. Уақытша орналастыру үшін эвакуациялық пункттер алдын ала дайындалды. Олар - Бескөл ауылындағы №2 орта мектеп пен Петропавлдағы Жұмабаев көшесі, 198 мекенжайындағы жатақханада орналасқан.
Оқиға орнында ТЖ қызметтері, жергілікті атқарушы органдар және басқа да жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Барша тұрғындарды сабыр сақтап, жедел қызметтердің нұсқауларын қатаң сақтауға шақырамыз. Тепличное ауылынында бөгетті нығайту жұмыстары жалғасады, - делінген хабарламада.

Естеріңізге салайық, бүгін арнайы қызметтермен бірге тұрғындар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер түні бойы ауыл маңындағы бөгетті көтеріп, нығайтқан еді.