СҚО-дағы ауданаралық ауруханада компьютерлік томография кабинеті ашылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасында жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу мақсатында компьютерлік томография кабинеті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Өңір аудандары арасында алғаш рет ашылған компьютерлік томография кабинеті «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, жүрек-қан тамыр жүйесі, тыныс алу ауруларын, түрлі жарақатты диагностикалық тексеруден өткізіп, медициналық қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Компьютерлік томографты орнатудың нәтижесінде алдағы уақытта аудандық ауруханада инсульттік орталық ашу жоспарланған.

Қазір СҚО Денсаулық сақтау басқармасы инсульт қызметін жетілдіру мақсатында «Жол картасын» жүзеге асырып жатыр. Тайынша қаласының ауруханасына енді облыстың жақын маңдағы елді мекендерінен сырқаттар келіп, заманауи қондырғыда ішкі ағзасын тексерте алады. Аудан тұрғындары бұрынғыдай облыс орталығына бармайды. Жалпы қазір облыста 4 компьютерлік томограф болса, соның үшеуі Петропавлдың емдеу мекемелерінде жұмыс істейді.

«Бұл қондырғыны біз 2013 жылы алдық. Ол бұған дейін облыстық ауруханада тұрды. Ол жаққа жаңасын алғандықтан, томографты осында әкелдік. Қазір өңірде үшінші деңгейлі инсульттық орталық жоқ. Оны ашу үшін ангиограф алу қажет. Оны мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында сатып алатын болдық», - деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тимур Сұлтанғазиев.

Мамандардың мәліметінше, облыста жыл сайын 800-ге жуық адам инсульт алады. Оның 100-ден астамы ауыр дерттен көз жұмады. Аудандағы қондырғы ауруды ерте бастан анықтап, дер кезінде медициналық көмек көрсетуге сеп болмақ.

Соңғы жаңалықтар