СҚО-дағы ауыл тұрғындары көл суын ішуге мәжбүр, мәселе 15 жылдан бері шешілмей келеді
Виноградовка елді мекені облыс орталығына тиіп тұр, ара қашықтық 50 шақырым ғана. Алайда мұнда өркениет жете қоймаған. Тұрғындар ата-бабаларының жолымен ауыл маңындағы көлден су алып ішіп отыр. Оның өзі соңғы жылдары құрғай бастап, батпаққа айналып жатыр.
Виноградовкада шамамен 15 жыл бұрын су болған. Құбырмен келген су сағаттап берілген. Алайда енді «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, сақалынан айырылдының» кері келіп отыр. Мұндағы су мәселесін шешу мақсатында қаражат бөлініп, ұңғыма салынған. Бірақ тұрғындардың қуанышы көпке бармады.
«Оның суын ішуге болмайды, улы, денсаулыққа зиян. Ұңғыманың суын ішеміз деп ауыл халқының жартысы ауру болды, бүйректері ауырады, қатерлі ісік ауруымен есепке алынғандар көп. Сондықтан да ұңғыманың суын пайдалануға қорқамыз», - дейді елді мекен тұрғыны Валентина Трубчинская.
Былтыр ауылда су құбырын тарту жұмыстары басталған. Жергілікті билік топтық су құбыры салынады деп сендірді. Жоба бойынша 14 км құбыр тартылып, сорғы стансасы мен тарату желісі істелінуі керек еді. Алайда жұмыс бір аптаға ғана созылып, тоқтап қалды.
«Жоба ескірген, сондықтан оны жаңарту керек деп айтты. Елді мекенде 500-ге жуық тұрғын бар. Олардың басым бөлігі зейнеткер, яғни бір жақтан су тасып әкелуге мүмкіндіктері жоқ. Таза суды қанша күтуге болады?», - дейді Валентина
Ауыл тұрғындары көлден әкелген суды матадан бес рет өткізіп, қайнатып барып қана тамаққа қолданады.
СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облыста сумен қамтылмаған 226 елді мекен бар. Былтыр осы мәселені шешуге 10,3 млрд теңге жұмсалса, биыл 12,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қомақты сома 55 елді мекенге жұмсалмақ. Нәтижесінде 12 елді мекенде сумен қамту жүйесі жақсарады, 10 ауылға таза су келмек, ал қалған 33 елді мекенде басталған жұмыстар келер жылы аяқталады.