СҚО-дағы фанер зауыты шикізаттың аздығынан толық қуатында іске кірісе алмай отыр
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС-гі былтыр Петропавлда ашылды. Суға төзімді, үлкен форматты фанера шығаратын кәсіпорын бір жылдың ішінде 10 мың текше метр өнім өндірді. Бұл зауыттың өндірістік қуатының тек жартысы ғана. Басты себеп – шикізат жоқ. Кәсіпкерлер құрылыс материалын шығаруға қажетті ағаштың басым бөлігін шетелден тасуға мәжбүр.
Бұл мәселемен комбинат өкілдері кәсіпкерлер палатасына арызданды. Былтыр шикізаттың болмауынан кәсіпорын екі ай тоқтап қалған.
«Бір жылдың ішінде фанер комбинаты айналымды арттырып, еліміздегі ісі өрге басқан кәсіпорындардың қатарына енді. Оның әлеуеті жоғары. Алайда, қазір пайдаланып отырған шикізаттың 60 %-ы – шетелдік, қалғаны – жергілікті. 10 жылда бір рет Экология министрлігі орман шаруашылығын түгендейді, ол жылдың соңына дейін жалғаспақ. Сәйкесінше орман пайдаланушылары үшін ешқандай тендер өткізілмейді. Яғни ағашты кесуге рұқсат етілмейді», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов.

Кәсіпорынның жұмысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары танысты. Мәселеге де қанықты. Қазір комбинатта 150 адам еңбек етеді. Заманауи жарақталған зауыт толық қуатында жұмыс істеуге әзір. Жоспарда жылына 20 мың текше метрге жуық фанер шығару міндеті тұр.
«Бүгін біз Солтүстік фанер комбинатына жұмыс бабымен келіп отырмыз. Өте керек кәсіпорын, бұл алдымен жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр, сондай-ақ еліміздегі фанер қажеттілігін 30 %-ға жауып отыр. Қала аумағындағы, облыстағы жасыл желекті оңды-солды кесе берсек экология мәселесі туындайды. Менің пікірімше, басты мәселе алыпсатарлар, шикізатты сатуда олардың жолын кесу қажет. Бұған жергілікті билік қолдау білдіргендері жөн», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлік Тайжанов.



