СҚО-дағы Имантау-Шалқар курорттық аймағына барған туристер 80%-ға өскен
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағында биыл 324 орындық 15 демалыс орнын пайдалануға беру жоспарланған. Енді туризм саласын дамытуға жұмсалған қаражаттың бір бөлігі кәсіпкерлерге субсидияланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
CҚО әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбектің айтуынша, өңірдің туризм саласында айтарлықтай оң өзгерістер бар. Мәселен, өткен жылдың 9 айында 1 млрд теңгенің қызметі көрсетілген, бұл 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе артық. Келген туристер саны да 79,2 %-ға көп. 2020 жылы 70 мыңға жуық адам қыдырып келсе, былтыр олардың саны 125 мыңға жуықтаған.
«Имантау-Шалқар курорттық аймағы елімізде дамытылуы тиіс ТОП-10-дыққа кірген. Мемлекеттік бағдарлама 2019 жылы қабылданды. Жылдан-жылға бұл аймаққа келіп, демалушылар саны артып келеді. 2020 жылдың 9 айында 18 мың, былтыр осы аралықта 25 мыңға жуық адам келген», - дейді Дәурен Жандарбек.
Қазіргі уақытта курорттық аймақта 40 демалыс орны бар. Оның онында былтыр жаңа нысандар салынды. 1 млрд теңге инвестиция құйылды. Биыл 324 орындық 15 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Қазір аймақты жыл бойы жұмыс істейтін 6 демалыс орны бар, жақында олардың саны 10-ға жетпек.
«Биылдан бастап туризмді мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері енгізілді. Енді ұлттық стандартқа сәйкес келетін туристік қызмет көрсету нысандарын, жол бойындағы сервис объектілерін салу немесе жөнге келтіру кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына кеткен шығындардың 10 %-ы өтеледі. Кемінде 8 орындық туристік автобустарды сатып алған жағдайда оның құнының 25 %-ы субсидияланады. Бұдан басқа санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстау үшін ай сайын 83 300 теңге мөлшерінде демеуқаржы беріледі», - дейді СҚО әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек.