СҚО-дағы Қазақстан-Ресей университетінің бұрынғы ректоры 6 жылға бас бостандығынан айырылды

АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Студенттердің 70 млн. теңгеден астам қаржысын өз пайдасына жаратқан Солтүстік Қазақстан облысындағы Қазақстан-Ресей университетінің бұрынғы ректоры 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

СҚО-дағы Қазақстан-Ресей университетінің бұрынғы ректоры 6 жылға бас бостандығынан айырылды

ҚР Бас прокуратурасынан мәлім еткендей, жекеменшік білім беру мекемесінің бұрынғы басшысына біріншіден, аса ірі көлемде табыс әкелетін - ақылы білім беру қызметтерін арнайы лицензиясыз жүзеге асырғаны үшін ҚР ҚК-нің 190-бабы, 2-тарауының «б» тармағы бойынша айып тағылды.

Сондай-ақ оған, өзінің қызметтік лауазымын және адамдардың сенімін пайдалана отырып аса ірі көлемдегі өзгенің мүлкін жымқырды деген кінә тағылып, үстінен ҚР ҚК-нің 177-бабы, 3-тарауының «б» тармағы бойынша екінші қылмыстық іс қозғалды.

ЖОО-ның бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық істі, студенттерден көптеп келіп түскен өтініштер негізінде облыс прокуратурасы жүргізген тексерістердің нәтижесі бойынша Қаржы полициясы қозғады. Қылмыстық әрекеттер салдарынан ЖОО түлектеріне заңдық күші жоқ жалған дипломдар беріліп келген. Оқу орнының лицензиясыз жұмысынан студенттерге келтірілген шығын 70 млн. теңгені құрады.

«Істі қарау кезінде бұрынғы директордың қылмысы толығымен дәлелденді. Барлық жағдайларды ескере отырып, сот ЖОО-ның бұрынғы ректорын кінәлі деп тауып, бар мүлкін тәркілей отырып 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті», - деп мәлімдеді Бас прокуратура өкілдері.