СҚО-дағы «Қазавтожол» бөлімшесінің директоры екі айға қамауға алынды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - «Қазавтожол» ҰК» АҚ СҚОБ директоры Аскар Жанкин «Пара алу» бабы бойынша екі айға қамалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

СҚО-дағы «Қазавтожол» бөлімшесінің директоры екі айға қамауға алынды

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Александр Луценко да екі айға 368-баптың 2-тармағы «Парақорлыққа делдал болу» бойынша қамауға алынған. 3 наурыз күні «К-Дорстрой» қызметкері Серік Рамазанов 367-баптың 2-тармағы «Пара беру» бойынша екі айға тұтқындалған еді. Рамазанов пен Луценко қамауға алу туралы шешімге қарсылық білдірген еді.

Бұрын СҚО бойынша жемқорлықпен күрес ұлттық бюросының департаменті хабарлағандай, Асқар Жанкин «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қордың қаржысы есебінен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта құруды жүзеге асыратын мердігер ұйымға басымдық беру үшін 4 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін тұтқындалған.

Соттың баспасөз қызметі атап өткендей, мердігер талап етілген жұмысты жасамаған, ал Асқар Жанкин жалпы сомасы 15,37 миллион теңге тұратын жұмысты атқаруын талап ету туралы хат жолдамаған.