СҚО-дағы модульді инфекциялық ауруханадан КВИ жұқтырған соңғы сырқат жазылып шықты
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы модульді инфекциялық аурухана ұжымы бүгін коронавирустан ем алған соңғы сырқатты шығарып салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, коронавирустан жазылып, үйіне шығарылған соңғы пациенттің жасы 64-те. Әйел 24 наурыз күні модульді инфекциялық ауруханаға өте ауыр халде түскен. КВИ салдарынан оның екі өкпесі қабынып, басқа аурулары асқынған. Науқас бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатты, дәрігерлер оның өмірі үшін күресті. Жағдайы айтарлықтай жақсарған әйелді бүгін аурухана ұжымы шығарып салды. Науқас енді тұрғылықты жері бойынша дәрігерлердің бақылауына алынбақ.
Жалпы модульдік инфекциялық аурухана ашылғалы КВИ жұқтырған, ауыр халдегі 3434 науқасты емдеп, жазды.
«Қазіргі уақытта облыс бойынша коронавирус жұқтырғандарға арналған 30 инфекциялық орын бар. Оның 20-сы модульді инфекциялық ауруханада, бесеуі облыстық көпбейінді ауруханада және қалғаны қалалық көпбейінді ауруханада орналасқан. Бұдан басқа жансақтау бөлімшесінде 10 орын бар. Барлық аудандарда инфекциялық стационарлар жабылды», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
Індет басталғалы облыста 44 378 адам ауырды, 484 сырқат қайтыс болды.