СҚО-дағы шатыры құлаған мектептің оқушылары қашықтан оқытуға жіберілді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында шатыры құлаған Тоқшын мектеп-гимназиясында қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Мектеп оқушылары қашықтан оқуға жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтың айтуынша, 4 сәуір күні кешкі сағат 18.00 шамасында Аққайың ауданы, Тоқшын ауылындағы мектеп-гимназияның шатыры опырылып түсті. Бұл мектепте 293 оқушы білім алады, оқыс оқиға кезінде балалар болмаған. Яғни зардап шеккендер, қаза тапқандар жоқ.
«Шатыры құласымен-ақ біз оқиға орнына бардық. Алдын-ала болжам бойынша шатырдан судың ағуы және соның салдарынан қабырғаның құлауы шатырдың опырылып түсуіне себеп болған.
Шамамен шатырдың 140 шаршы метрі құлаған. Қазіргі уақытта арнайы комиссия құрылды, ол апаттың себептерін анықтайтын болады. Оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр. Мектеп апатты жағдайда деп танылмаған. Егер олар ғимарат қауіпсіз десе, онда балалар оқуларын жалғастырады. Қазіргі уақытта оқушылар уақытша қашықтан оқуға жіберілді», - дейді Нәзір Жәшібеков.
Ғимарат 1965 жылы салынғанымен, осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген. Былтыр бөлек тұрған мектеп интернатының шатырын ауыстыруға 12 млн теңге жұмсалды. Ал биыл мектепті күрделі жөндеуге 144 млн теңге бөлінген екен.
Қазір СҚО-да апатты жағдайда тұрған 3 мектеп бар, олардың барлығы Тайынша ауданында орналасқан. Екеуінің орнына жаңа мектеп салынып жатыр. Үшіншісінің құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленбек. Жалпы биыл 35 мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2,5 млрд теңге бөлінген.