СҚО-дағы су қоймаларына мемлекеттік тапсырыс бойынша 36,5 млн шабақ жіберіледі
Петропавлдағы балық тәлімбағында қазір жауапты кезең. Арнайы ыдыстарда болашақ сиг балықтарының уылдырықтары өсіріліп жатыр. Нәтижесін көру үшін, мамандардың айтуынша, барлық тиісті технологияны қолданып, режімді сақтау қажет.
«Біздің тәлімбақ балықтардың уылдырығын зауыттық тәсілмен алып, қолдан өсіреді. Кейін шабақтармен СҚО-ны ғана емес, көрші облыстарды да қамтимыз. Қазіргі уақытта біз сиг балықтарының уылдырығын инкубациялық кезеңнен өткізіп жатырмыз. Бұл оңай жұмыс емес. Судың белгілі бір температурасының болуын, сондай-ақ оттегімен белгілі мөлшерде қанығуын бақылауда ұстау қажет. Уылдырықты тәулік бойы назардан тыс қалдырмаймыз, әйтпесе еңбек еш кетуі мүмкін», - дейді инкубациялық цехтың меңгерушісі Анастасия Молоткова.
Мәселен, сиг балықтарының инкубациялық кезеңі 6 айға созылады. Тәлімбақ жұмысшылары қараша айында қажетті уылдырықты әзірлеген. Бағалы материал алу үшін СҚО-ның, Ақмола облысының Щучье, Зеренді, Бурабай аудандарындағы көлдеріне іс сапарға шыққан. Нәтижесінде 110 млн дана уылдырық әзірленді. Бұл тек сиг тұқымдас балықтар – сиг, рипус, пелядьтің уылдырығы.
«Сәуір айында су +8 градусқа дейін жылынған кезде сиг балықтарының шабақтарын көлге жібереміз.
Биыл сиг балығы бойынша 35,5 млн шабаққа мемлекеттік тапсырыс түсті. Оның 30 млн-ы – Сергеев су қоймасына, қалғаны Петропавл су қоймасына жіберілмек. Осы мақсатқа бюджеттен 65 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат екі кезеңде игеріледі», - дейді Анастасия Молоткова.
Екінші кезеңде тәлімбақ мамандары тұқы балығымен жұмыс істемек.
«Тұқының уылдырығын алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, ол өзімізде жеткілікті. Балық қыстап шығу үшін арнайы тоғанда ұстаймыз. Мамыр айында, судың температурасы +17,+18 градусқа жеткенде біз тұқы балығымен жұмысты бастаймыз. Қыркүйек айында уылдырығы өсіп, дернәсілге айналады, салмағы 12 гр жеткен кезде біз оны су қоймаларына жібереміз», - дейді тәлімбақ қызметкері.
СҚО-ның су қоймаларына қыркүйек айының соңында тұқы балығының 1 млн 10 мың шабағы жіберілмек.