СҚО-дағы «торнадоға» қатысты видеоға түсінік берілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік желі қолданушылары аймақта торнадо болғаны түскен видеоны таратуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-дағы «торнадоға» қатысты видеоға түсінік берілді

Пабликте қолданушылар кадрлер Айыртау ауданы Антоновка ауылында жасалғанын жазып жатыр. Видеоға түсіріп тұрған ер адамның айтуынша, ауада торнадо пайда болғанға дейін шу естілген. «Қазгидромет» РМК филиалы ҚазАқпарат тілшісіне видеоға түсіп қалған осы бір табиғи құбылыс туралы түсіндіріп өтті.

«Видеодағы орналасқан жерді, уақыт пен күнді анықтау қиын. Түсірілген метеорологиялық құбылысты құйын немесе торнадо деп атауға болмайды. Бұл ойық бұлт, яғни бұлттан шыққан ойық, жерге жетпейтін конденсацияланған су тамшыларынан тұратын ойық шұңқыр. Мұндай ойықтар фронттардың түйіскен жерінде түйдек-жаңбырлы (найзағай) бұлтта пайда болуы мүмкін. Сол ауданның Саумалкөл ауылында орналасқан біздің метеостанция мұндай ауа-райы құбылысын тіркеген жоқ», - деп түсінік берді филиал директорының орынбасары Наталия Левина.