СҚО денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшы тағайындалды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасына басшы болып Қаныш Бижанов тағайындалды.

СҚО
Фото: СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі

Бұл туралы СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі мәлім етті. 

Қаныш Бижанов 1977 жылы бұрынғы Жезқазған облысы Ұлытау ауданының Амангелді ауылында туған.

1999 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша аяқтаған. Сондай-ақ Халықаралық экономикалық институтты «қоғамдық денсаулық сақтаудағы менеджмент» мамандығы бойынша бітірген. 

Еңбек жолын 2000 жылы Целинный орталық аудандық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастады.

2006 жылы Целинный орталық аудандық ауруханасының бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

2007 жылдан бастап Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның емханасына, орталық аудандық ауруханасына басшылық етті.

2016 - 2019 жылдар аралығында Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері болып қызмет етті.

2019-2020 жылдары Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжіне басшылық етті.

2020 жылғы ақпан айынан бастап осы тағайындауға дейін Облыстық фтизиопульмонология орталығын басқарды.