СҚО диқандары астық сақтайтын элеватор таппай қиналып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында диқандар жинап алған астықтарын элеваторларға өткізе алмай жатыр. Салдарынан мол өнім қар мен жаңбырға тиіп, шіри бастаған.

бидай
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

СҚО Айыртау ауданы Светлое елді мекенінің тұрғыны, жеке кәсіпкер әлеуметтік желіде жазба жариялап, Президенттен көмек сұрады. 

Диқан ашық аспан астында биылғы астық үйіліп жатқан қырманын көрсетіп, жағдайды айтып берді.

«Ана жерде бидай жатыр, әрі қарай арпа үйілген. Осылайша жиналған астықты қырманда сақтауға тура келіп жатыр. Мұның бәрі бүлініп, шіріп жатыр. Өйткені жақын маңдағы элеваторлардың барлығы толық, бидайды қабылдамай жатыр. Олар артатын вагондар жоқ дейді. Былтырғы жыл да қиын болды. Жинап алған астықты былтыр да дұрыс іске жарата алмадық. Биыл оқиға қайталанып жатыр. Сіз неге бұл жүйелі түрде қайталанатынын анықтап, тәртіпке салсаңыз екен. Бұл жүйелі түрде жылдан жылға қайталанатын мәселе, шешілмей жатыр. Күзгі орақ басталғанда біздегі бар вагондар жоқ болып кетеді. Элеваторлар бірден толып қалады. Жақсы өнім алған жылы үнемі осылай. Мәселені шешуіңізді сұраймын», — дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, жағдай күрделі. Өйткені кредиторлар да жан-жақтан қарызды қайтаруды сұрап жатыр.

«Камаз көлігінің жүргізушілері бидайды жақын маңдағы элеваторға жеткізу үшін әр келісіне 5 теңге сұрайды. Делдалдар бидайды элеваторға кіргізу үшін әр келіге 10 теңге алады. Бидайдың өз бағасы — 40 теңге. Соның жартысын элеваторға кіргізу үшін беру өте қымбат. Сондықтан шара қолданып, жағдайды реттеуді сұраймын», — дейді ауыл тұрғыны.

Естеріңізге салайық, биыл күзде толассыз жауын егін орағын қиындатты. 

Сондықтан жаңа астықты кептіруге шаруаларға алғаш рет сұйытылған газ бөлінді. 

Соңғы жаңалықтар