СҚО диқандары биыл 5 млн тонна дәнді дақыл алуды жоспарлап отыр
СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл егістік жер шамамен 100 мың га-ға ұлғайтылған. Диқандарға 4,4 млн га алқаптан дәнді және майлы дақылдарды жинау міндеті тұр. Соның ішінде 3,1 млн га дәнді, дәнді-бұршақты дақылдар, 1 млн га майллы дақылдар, 31,5 мың га картоп және 5,8 мың га көкөніс егілді. Алқаптарды әртараптандыру мақсатында жасымық алқабы 33,1-ден 66,3мың га дейін, күнбағыс 61,6-дан 119,3 мың га дейін ұлғайтылды.
«Біз көп жылғы тәжірибені негізге ала отырып, биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардан 5 млн тонна астық, әр гектардан орта есеппен 16 центнерден астам өнім аламыз деп болжап отырмыз. Бүгінгі күні барлық алқаптың 11,5 % жиналды, өнімділігі әзірге 11 ц/га», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Жанат Тоқсанбаев.
Биыл егін орағына 7,3 мың комбайын шыққан, оның 3,8 мыңы өнімділігі жоғары техника, бұдан басқа 4,7 мың дестелегіш, 5,8 мың жүк көлігі жұмылдырылды.
Маманның айтуынша, диқандар дизель отынынан да қиындық көрмейді, өңірге 78,5 мың тонна арзандатылған сұйық отын бөлінді.
«Жаңа астықты сақтайтын орын жеткілікті, облыста жалпы аумағы 6,6 млн тонна сиятын астық қоймалары бар. Бұл бар қажеттілікті жауып отыр.
Мал шаруашылығына қажет жем-азық та ұмыт қалған жоқ. Шөп шабу науқаны қызған. Осы күнге дейін 862 мың тонна шөп әзірленді. Бұл қажеттіліктің 99 %, сондай-ақ 175,5 мың тонна пішен дайындалды», - дейді Жанат Тоқсанбаев.