СҚО экологтары табиғатқа зиян келтірудің 304 дерегін анықтады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр экологтар 95 нысанды тексеріп, 9 мыңға жуық сынама алды. Нәтижесінде табиғатқа зиян келтірудің 304 дерегін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО экологтары табиғатқа зиян келтірудің 304 дерегін анықтады

СҚО Экология департаментінің мәліметінше, 95 нысаннан анықталған 304 деректің 254-і – рұқсат етілген концентрацияны асыруға байланысты. Қалған жағдайда шығарындылар рұқсат етілген шектен асырылған.

Сонымен қатар, 1 кәсіпорынға 42 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Жалпы сомасы 7 млн теңгенің 16 кінәрат-талабы ұсынылды.

Қоршаған ортаны мұнай өнімдерімен ластаудың 3 дерегі анықталып, кінәлілерден келтірілген шығын – 752 мың теңге өндірілді.

«Су, атмосфералық ауа және табиғи гамма-фон деңгейін тексеру мақсатында Петропавлдың және облыстың 26 нысанында мониторингілік бақылау жүргізілді. Оның 10-ы суға, 12-сі ауаға және 4-еуі табиғи гамма-фонға қатысты нысандар. Олардың ешқайсысында табиғатқа зиян келтіру деректері анықталмады», - дейді СҚО Экология департаменті бөлімінің бас маманы Елена Мазик.

Ал қыркүйек айында экологтар Полиция департаментімен бірге жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Мақсат – қоршаған ортаға көп мөлшерде улы газ бөлетін көліктерді анықтау. Нәтижесінде екі күн ішінде 22 автокөлік тексеріліп, 9-ына айыппұл салынды.