СҚО: Электр желілерін жаңғыртуға жыл сайын 4 млрд теңге жұмсалмақ
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы электр желілері 95%, жылу желілері 65% тозған.
Өңірде коммуналдық желілердің тозуы – өзекті мәселе. СҚО әкімдігінің мәліметінше, жылу желілерінің жалпы ұзындығы 299,8 км болса, оның 65% ауыстыруды қажет етеді, оның ішінде Петропавл бойынша 244,4 км 74,6% тозығы жеткен.
Осыған орай жылумен жабдықтауды жақсарту мақсатында 8,4 млрд теңгеге 3 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Электрмен жабдықтау бойынша да жағдай мәз емес. Желілердің жалпы ұзындығы 23,5 мың км болса, 4 мыңға жуық қосалқы станция жұмыс істейді.
Өңірді электрмен қамтып отырған «Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ-ның желілері 95% және «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің желілері 80,6% тозған.
«Жағдайды жақсарту үшін Үкімет әкімдікпен бірлесіп Солтүстік Қазақстан облысының электр желілерін жаңғырту бойынша Жол картасын әзірледі. Оның аясында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша электрмен жабдықтау жобалары әзірленіп жатыр. Жыл сайын 4 млрд теңге бөлінеді. Осылайша 2027 жылға дейін аса тозған желілер жаңаға ауыстырылады. Бүгінгі таңда 2,4 млрд теңгеге 11 жоба әзірленді, тағы 5 жоба дайындалып жатыр», - дейді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Нәтижесінде өңірде электрмен қамту желісінің тозуы 95 %-тен 80 % дейін төмендемек.