СҚО энергетиктері Белое көліне 20 мың шабақ жіберуді жоспарлап отыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Бұдан бөлек, кәсіпорын жоспарында Белое көлін биологиялық тазарту, су сапасын бақылау және шығарылған күл көлемін азайту шаралары қарастырылған.

Атырауда көлшіктерде құтқарылған шабақ саны 12 миллионнан асты
Фото: Құрманғазы ауданы әкімдігі

Петропавлдағы «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоршаған ортаға әсерді азайту және өндірістің экологиялық қауіпсіздігін арттыру бағытында атқарып жатқан жұмысын қорытындылады.

Мамандардың айтуынша, кәсіпорында атмосфераға таралатын зиянды заттардың көлемін бақылау, тазарту қондырғыларын жаңғырту және табиғи ресурстарды қорғау жұмыстары жүргізіліп келеді.

Биыл кәсіпорынға атмосфераға 37,7 мың тонна зиянды зат шығаруға экологиялық рұқсат берілген. Іс жүзінде 10 айда 2-Жылу-электр орталығы 21,6 мың тонна шығарған. Жыл соңына дейін ол 27 мың тоннаға жетіп, жылдық нормативтен 28% төмен болады деп болжанған.

Станцияның қоршаған ортаға әсері тұрақты зертханалық бақылауда. Биыл 4 мыңға жуық зерттеу жүргізілген. Бірақ белгіленген нормативтерден асу жағдайлары тіркелмеген.

Экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі - 2025 жылы әзірленіп, тиісті министрліктермен келісілген жол картасы. Ол 2026-2038 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Жоспарға сәйкес, іс-шаралар нәтижесінде атмосфераға таралатын зиянды заттар көлемін жылына 4,5-4,7 мың тоннаға азайту көзделген.

- Қазір №2 қазандық агрегатында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде бейорганикалық шаң шығарындылары жылына 136,7 тоннаға азаяды. Сонымен қатар кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағы мен Петропавлда 250 ағаш көшетін отырғызу жұмыстары қарастырылған, - дейді «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы Николай Сергеевич Максимов.

Маманның айтуынша, Жол картасы аясында Белое көліне жалпы, 100 мың шабақ жіберу және 4 250 ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл іс келер жылы қолға алынып, кезең-кезеңмен атқарылады. Мәселен, алдағы жылы көлге 20 мың шабақ жіберу және көлдің суын тазарту жұмыстарын жүргізу көзделген.

Бұған дейін СҚО-да екі жылда 250-ден астам экологиялық заң бұзу анықталғанын жазған едік.