СҚО-ға аязды қыс қашан келеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында желтоқсанда ауа температурасы нормадан 2 °C жылы болмақ.

СҚО-ға аязды қыс қашан келеді
Фото: Kazinform/ЖИ

Өңірде биыл қараша айы әдеттегіден жылы болып тұр. Қар айдың ортасында жауғанымен, бүгін түнде жауған қар аралас жаңбыр оны ерітіп жіберді. «Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалы бірнеше күннен бері өңірде көктайғақ болатынын ескертіп жатыр. Петропавлда күндіз сынап бағанасы +2 °C дейін көтерілсе, түнде -3-ке дейін суытпақ. 
Құбылмалы ауа райы қараша айының соңында да, желтоқсанда да сақталады.

— Қарашаның үшінші онкүндігінде, 26 қарашаға дейін түнгі ауа температурасы -1, -6 °C аяз, күндіз +1, +6 °C жылы болады деп болжанған. Алайда 27 қарашадан бастап күн суытады. Айдың соңғы күндерінде түнде ауа температурасы -6, -11 °C дейін төмендеп, күндіз -1, -5 °C аяз болуы ықтимал. Жауын-шашын, тұман, көктайғақ болады және секундына 15-20 метрге дейін жететін жел тұрмақ, — дейді синоптиктер.

Желтоқсан айы да құбылмалы болып, аяз бен жылымық алмасады.

Алдын ала болжам бойынша, кей күндері ауа температурасы -5, -10 °C шамасында болса, артынша -25 °C дейін күрт суытып, аяз күшеюі мүмкін. Кейін қайтадан күн жылып, термометр бағаны 0-ден +1 °C дейін көтерілмек. Мұндай температуралық өзгерістер жолдарда қатты көктайғақтың пайда болуына әкелуі мүмкін.

Синоптиктердің мәліметінше, желтоқсан айындағы орташа ауа температурасы климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болады деп болжанған. Салыстырмалы түрде, облыс бойынша климаттық норма -12,3, -14,1 °C болса, Петропавлда орташа көрсеткіш -13,6 °C.

Ал жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болжанып отыр. Желтоқсанда облыс аумағында 15-31 мм, Петропавлда шамамен 25 мм жауын-шашын түсуі мүмкін.

Бұған дейін «Қазгидромет» РМК еліміздегі ауа сапасына қатысты болжамын жариялаған едік.