СҚО-ға биыл қар жылдағы нормадан 3 есе көп жауған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл қар қалың жауған. Күздегі жаңбыр да әсер етіп, жер 1,2 метрге дейін тоң болып қатып қалған. Салдарынан биыл көктемде өңірде су тасқыны болу ықтималдығы жоғары.
«Қазгидромет» РМК СҚО бойынша филиал директоры Қымбат Мерғалимованың айтуынша, өңірде 19 гидрологиялық бекет бар. Аймақта көктемде су тасқынының болу-болмау жағдайын болжау үшін қыс алдындағы топырақтың, қыс соңындағы қардың ылғал мөлшері, жердің қату тереңдігі, көктемнің ерте-кеш шығуы, су қоймаларының толуы есепке алынады. Көрші Ақмола облысындағы жағдай да ескеріледі. Мәселен, Сергеев су қоймасы қазіргі уақытта 88%-ға жеткен, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артық.
«Күз жылы және жауынды-шашынды болды. Алқаптарды бағыттық зерттеу барысында 1 метрлік топырақтағы ылғал қоры 52-164 мм құрады, бұл нормадан 76% жоғары. Биылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша облыста қыс мезгілінде 52-155 мм мөлшерінде қар жауған. Жалпы өңірдің басым аумағында жауған қар қалыңдығы көп жылғы белгіден 1,5-2, кей жерлерде 3 есеге дейін жоғары. СҚО-да норма – 29-58 мм. Оның ішінде Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 154,6 мм қар жауса, Аққайың ауданында ең төменгі көрсеткіш - 52 мм болған. Сондай-ақ тоң болып қатқан жер қалыңдығы биыл 123 см-ге жетіп отыр», - дейді Қымбат Мерғалимова.
Маманның айтуынша, биыл қардағы ылғал мөлшері де жылдағы нормадан 33-83%-ға артық.
«Ақпан айында ауа райы қаңтардағыдай сақталады, яғни, қар жауады, боран да сақталады. Орташа ауа температурасы 13,0…-14,5 С шамасында болмақ, бұл нормадан 1…2С жоғары. Наурызда ауа температурасы жылдағыдан 2°С жоғары және жауынды-шашынды болмақ. Айдың соңғы бес күндігінде қарт күрт ери бастайды», - дейді Қымбат Мерғалимова.
Синоптиктер су тасқынына қатысты негізгі болжамды 5 наурызда береді.