СҚО-ға көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген бағамен 53,2 мың тонна дизель бөлінді

азс
Фото: Алина Тулеубева/Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Биыл өңірде 4,5 млн га алқапқа дақыл егілмек. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін картоп пен қарақұмық алқабы ұлғайтылады.

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдары ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Жол картасы әзірленген.

Биыл егіс алаңы 4,5 млн га, оның 3,4 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақыл, 751 мың га майлы дақыл және 379 мың га жемшөп егілмек.

«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен толтыру үшін қарақұмық алқабы 26 мың гектарға, картоп 7,7 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Жақсы өнім алу үшін минералды тыңайтқыштарды пайдалану көрсеткіші де артпақ. Былтыр 2,6 млн га алқапқа 190,2 мың тонна қолданылса, биыл шамамен 256 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарланған. Бұл ел бойынша қолданылатын тыңайтқыштардың жалпы көлемінің шамамен 30%», — дейді басқарма басшысы Мейрам Меңдібаев.

Қазіргі уақытта көктемгі егіске техника 90% дайын.

«Мемлекет көктемгі дала жұмыстарына 53,2 мың тонна дизель отынын бөлді, оның 6 мың тоннасы ақпан айына келді. Қалғаны кезең-кезеңмен мамыр айының ортасына дейін жеткізіледі. Диқандар үшін дизель отынының бағасы — литріне 250 теңге. Қазгидрометтің деректері бойынша 2023 жылы топырақтағы ылғалдың қоры 99 мм немесе 147%, норма — 69 мм. Қаңтар айында жауын-шашын 29,2 мм немесе нормадан екі есе көп жауды. Ылғал қоры жеткілікті», — дейді Мейрам Меңдібаев.

Соңғы жаңалықтар