СҚО-ға Мұхаммед Пайғамбардың шашы әкелініп, жауын тілеу намазы оқылды
Мұхаммед Пайғамбардың құтыға салынған бір тал шашын өңір жұрты жақында Петропавлда ашылған Ислам мәдениеті музейінен тамашалай алды.
«Бұл Әмір Темірдің кезінде соның қасындағы ғұламаларға берілген сыйлық екен. Бізге жеткені осы аңыз. Сол кездегі ғұлама-шейхтың ұрпағынан ұрпағына беріліп келген. Кейін қоқандық бір ғалымның үйінде сақталған. Ол Қазақстандағы Қожа ұрпағымен жақсы қарым-қатынаста болған екен. Сол қария өлер кезінде баласына аманаттап, шашты Қазақстандағы тақуа, қажы досына жеткізуді тапсырыпты. Әбләзовтар отбасы қазір бұл шашқа иелік етіп отыр.
Бұған дейін Көкшетауда болдық, енді көптің сұрауымен осы Солтүстік өңірге әкеліп отырмыз», - дейді «Қазақстан қажылар қауымдастығы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Қалиолла Маджанов.
СҚО-ның бас имамы Хамзат Қажымұратұлының айтуынша, соңғы Пайғамбар Мұхаммедтің мүбарак шашы облыс орталығында оқылатын тасаттық намазына орай арнайы алдырылған.
«Біздің негізгі мақсатымыз – өңір бойынша тасаттық намазын оқу. Бүгін облыс орталығында өткіземіз, кейін аудандарда өтеді. Берекені беретін, жаңбырды жаудыратын Алла Тағала. Жаңбырды жаудырып, егінді шығаратын да Алла Тағала. Біздің дұға-тілектерімізді қабыл ететін Алла екенін біліп, соны түйсігімізге жеткізуіміз керек, сол кезде қабыл болады.
Бүгін, сондай-ақ Алланың қалауымен Мұхаммед Пайғамбарымыздың мүбарак шашы өңірге әкелінді. Пайғамбарымыздың әр жүрген жері берекелі болған ғой, соның берекесі тисін деген ниет», - дейді СҚО-ның бас имамы Хамзат Қажымұратұлы.
Тасаттық немесе «истисқа» намазы қуаңшылықта су тілеу дегенді білдіреді. Имамның айтуынша, жаңбыр сұрау дұғасы алдағы күндері өңірдің барлық аудандарында оқылмақ.
Бұған дейін СҚО-да аптап ыстықтың жүрек-қантамыр ауруы барларға қиын соғып, жедел жәрдем қызметін шақырушылардың артқанын жазған едік.