СҚО-ға осы айда мың вагонға жуық көмір жеткізілуі тиіс

Көмір
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы \ Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымы басталды. Қазір энергетиктер кезең-кезеңмен әлеуметтік нысандарды желіге қосып жатыр. Өңірге қыс уақытына 604 мың тонна көмір қажет. Соның жартысынан астамы халықтың қажеті.

СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта 405 мың тонна көмір дайындалды, оның 245 мың тоннасын жеке үй тұрғындары түсіріп алған. Яғни халыққа әлі 154 мың тонна көмір қажет. 

Көмір
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы \ Kazinform

«Бюджеттік мекемелер 100% көмірмен қамтылды. Жалпы облыс бойынша көмір сататын 36 пункт бар. Қазіргі уақытта тұйықтарда 44,2 мың тонна, соның ішінде 5 мың тоннаға жуығы Петропавлда жатыр. Оның ішінде сұранысқа ие Шұбаркөл, Қаражыра, Майкөбе көмірлері де бар. Бағасы әртүрлі, маркасына және тұйықтың орналасқан жеріне қарай 12,5 мың теңгеден 22,5 мың теңге аралығында сатылып жатыр», - дейді Данияр Қуанышбаев.

Өңірде көмір жетіспеушілігі мәселесі туындамауы тиіс. Өйткені қазір 200 вагон – 13800 тонна жолда келе жатыр. 

Көмір
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы \ Kazinform

«Қыркүйек айында облысқа 968 вагон – 66,3 мың тонна көмірді жеткізу жоспарланған. Оның 293 вагоны – Шұбаркөл, 390 вагоны – Қаражыра, 240 вагоны Майкөбе көмірі және қалған 45 вагон басқа маркалар. Оның 312 вагоны тікелей Петропавлға келеді», - дейді басқарма басшысы. 

Бұған дейін Петропавлда өрт кезінде күйік алған ер адам жансақтау бөлімінде жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
telegram