СҚО-ға су тасқынымен күреске көмекке келген алматылық әскерилер үйлеріне қайтты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысына су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілерін өңір тұрғындары салтанатты түрде шығарып салды.

СҚО-ға су тасқынымен күреске көмекке келген алматылық әскерилер үйлеріне қайтты
Фото: СҚО ТЖД

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің 100 әскери қызметшісі өңірге наурыз айының соңында келген еді. Өздерімен бірге 80 техника, жүзу құралдары, мотопомпаларды әкелді. Осылайша, алғашқы күндерден бастап халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бөлімше күшімен Қызылжар ауданында және Петропавл маңында қорғаныс дамбалары нығайтылды: ондаған мың қап инертті материалдармен толтырылып, судың жолында тұрған бөгеттерге төселді. Жағалауды бекіту жұмыстарын атқарды.

Әскери қызметшілерді өңір басшылығы мен ТЖД өкілдері шығарып салып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. 

Биыл өңірде көктем қалыпты жағдайда өтіп жатыр.

«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, су тасқынының екінші толқыны Сергеев су қоймасынан өтті. Мұнда су деңгейі біртіндеп түсіп келеді.

Есіл өзенінің су деңгейі Петропавл маңында көтеріліп жатыр. Өткен тәулікте гидрологиялық бекетте су деңгейі 17 см-ге артты. Шарықтау шегі, болжам бойынша, мамыр айының басына келмек.

Бұған дейін су тасқынына қатысты жағдай Солтүстік Қазақстан облысы мен Шығыс Қазақстан облысында әлі де бақылауда тұрғанын жазған едік.