СҚО-ға тұмауға қарсы 60 мың доза вакцина жеткізілді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 1 қазаннан бастап 15 қарашаға дейін тұмауға қарсы иммундау басталады. Осы мақсатқа өңірге 60 мың доза «Гриппол плюс» препараты жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, тұмауға қарсы қойылатын «Гриппол плюс» препаратында вирустың 3 антигені А/Victoria/2570/2019 (H1N1)pdm09, А/Darwin/9/2021 (H3N2) және В/Austria/1359417/2021 бар. Бұл ДДҰ болжамынша биыл таралуы тиіс тұмаудың штаммдары, ал вакцина халықты осы қауіпті аурудан қорғамақ.
«Биыл да халықтың белгілі бір тобына тұмауға қарсы вакцинаны тегін қоюға қаржы бөлінді. Оны өздері қаралатын емханадан қойғызуға болады. Тегін вакцинаны жүктіліктің 2-3 триместріндегі әйелдер, қазір тіркеуде тұрған олардың саны 70-ден асады және 8,5 мың медициналық қызметкер қойдырады. Бұдан басқа диспансерлік есепке алынған балаларға, жиі ауыратын 6 айдан жоғары сәбилерге, арнайы мекемелерде тәрбиеленіп жатқан балаларға, медициналық-әлеуметтік мекемелердің тұрғындарына, жүрек-қан тамырлары және тыныс органдарының созылмалы аурулары бар сырқаттарға және эпидемиологиялық көрсеткіштері барларға да екпе тегін жасалады», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
Осылайша тұрғындардың 13,8 % тұмауға қарсы тегін вакцинамен қамтылмақ.
Әсет Жұматаевтың айтуынша, СҚОның денсаулық сақтау басқармасы экономия есебінен тағы 15 мың дозаға тапсырыс берді.
Биыл тұмауға қатысты жағдай күрделі, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 27 адамға артқан.