СҚО-ға жарты жылда мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара әкелінді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері бруцеллез, құтырма және жылқы тұмауы мен ринопневмонияға қатысты 9 қолайсыз пункт тіркелді. Мұнда сауықтыру шараларының бұзылуына байланысты 1,9 млн теңгенің 17 айыппұлы салынды.

Мал базары/сиырлар
Фото: Максат Шагырбаев/Kazinform

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті СҚО бойынша аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Оразбек Батырбековтың айтуынша, аумақтық инспекция ветеринария саласындағы ветеринариялық заңнаманың орындалуын, мемлекеттік шекарадан өту кезіндегі бақылау, биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету кіреді.

СҚО-да ведомство биыл жалпы сомасы 9 млн теңгеден асатын түрлі айыппұл салған.

«Қолайсыз пункттерде сауықтыру шараларын бұзғаны үшін 1,9 млн теңгеге жуық 17 айыппұл салынды.

Биологиялық қауіпсіздік саласындағы заң бұзушылықтар бойынша, яғни ветеринариялық іс-шараларды жүргізу кезінде, сондай-ақ ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзғаны үшін 7,5 млн теңге сомасына 219 әкімшілік айыппұл салынды. Бұл былтырғыдан 2,5 млн теңгеге артық.

Жеке және заңды тұлғаларға ҚР Ветеринария саласындағы заңнама талаптарын бұзуды жою туралы 262 дана ұйғарым берілді, оның басым бөлігі орындалды», - дейді Оразбек Батырбеков.

Маманның айтуынша, СҚО-ға биылғы алғашқы жарты жылдықта шетелден 1043 бас асыл тұқымды ірі қара мал жеткізілген. Сиырлар негізінен Германиядан және Чехия, Дания, Мажарстаннан әкелінген екен.

Бұған дейін Шымкентте бруцеллез ауруының анықталуына байланысты санитарлық шектеулер енгізілетінін жазған едік

Соңғы жаңалықтар