СҚО ғалымдары дрондарды анықтайтын нейрондық желілік модель жасап шықпақ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының ғалымдары қорғаныс жүйелеріне көрінбейтін заманауи дрондарды анықтайтын жаңа технология жасауды қолға алмақ. Жаңашылдықты жүзеге асыруға Ғылым және жоғары білім министрлігі арнайы грант бөлді.

нейрон
Фото: Диана Халимова

Грант мөлшері — 99 млн 350 мың теңге. Үш жылдық жоба Kozybayev University — жергілікті жоғары оқу орнында қолға алынады. Жұмысқа техника ғылымдарының кандитаты Ильдар Құрмашев жетекшілік етеді, оған қазақстандық және итальяндық ғалымдар көмектеспек.

Мақсат — Data Fusion жүйесіне интеграцияланатын оптикалық-электрондық арна арқылы ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды танудың нейрондық желілік моделін әзірлеу.

«Қазіргі уақытта ғалымдар дрон, коптерлердің көптеген жаңа түрлерін шығарып жатыр. Оларды кейде құстан айыра алмайсың. Біз қорғаныс жүйелеріне көрінбейтін, алысқа ұшатын дронды танитын технологияны жасап шығуымыз керек. „Антидрон“ радиолокациялық жүйесін пайдаланамыз және радар қондырғысын жетілдіріп, тану радиусын 2 км-ге дейін ұлғайтамыз», — дейді Ильдар Құрмашев.

Ғалымның айтуынша, дрондарды анықтау үшін нейрожүйелік қосымшаға қазіргі уақытта бар ұшатын аппараттар жайында және түрлі құстар туралы барлық ақпарат енгізіледі. Осылайша 20 мың нысан жүктеледі.
Бұл бағдарламаға аспандағы қауіпті аппараттарды, соның ішінде басқа жүйелер көре алмайтын ұсақ коптерлерді анықтауға мүмкіндік бермек.
Ақерке Дәуренбекқызы