СҚО: Интернет алаяқтықтан тұрғындарға 920 млн теңге шығын келген
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында интернет алаяқтық барлық қылмыстың 22 % алып отыр. Қолға алынған кешенді шаралардың нәтижесінде полицейлер оны шамалы болса да - 1,2% азайта алды.

СҚО Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдиновтың айтуынша, киберқылмыс, әсіресе соңғы екі жылдың ішінде күрт артқан.
«Интернет технологияны қолдану арқылы жасалған алаяқтық фактілері күнделікті тіркеледі. Былтыр 1017 алаяқтық жасалса, соның 771-інде тұрғындар интернет арқылы алданып қалған. 920 млн теңгеден астам шығын шекті, соның тек 37 млн теңгесін ғана қайтару мүмкін болды», - дейді Айдын Қабдұлдинов.
Департамент бастығының айтуынша, мұндай қылмыстарды ашу өте қиын. Өйткені, адамдар алданғанын кеш түсінеді, яғни кеш хабарласады. Қылмыскерлер көбіне шет елде отырып өздерінің арам ойларын іске асырады.
«Алдын алу үшін қазір еңбек ұжымдарында да кездесулер өткізіп жатырмыз. Тіпті үйді-үйді аралап, адамдармен кездесіп, әсіресе зейнеткерлермен сөйлесіп, қылмыстың осы түрі жайында ақпараттандырамыз, брошюралар таратамыз. Бұл жұмысқа БАҚ өкілдерін, волонтерлерді тарттық. Былтыр 825 адам «102» арнасына телефон шалып, өздеріне алаяқтардың хабарласқанын, олардың талаптарын орындамағандарын айтқан. Қоғамдық даму және ақпарат министрлігіне алаяқтардың жалған жарнамаларын бұғаттау үшін былтыр 900-ден астам сілтеме жіберілді», - дейді Айдын Қабдұлдинов.