СҚО кәсіпкерлері вагонның жетіспеушілігінен өнімін экспорттай алмай отыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев келіп, өңірдің экспортқа бағдарланған бірқатар кәсіпорындарында болды, бизнес және жұртшылық өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Қазақстанның сауда және интеграция бірінші вице-министрінің СҚО-ға келген сапарының мақсаты - Министрліктің жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтып қана қоймай, азаматтар мен бизнесті толғандыратын мәселелер туралы білу.

«Біз бірқатар кәсіпорындарға бардық, онда бизнесті жүргізудің қарапайымдылығы, экспортты қолдау тетіктерінің қолжетімділігі және өндірушілер өз қызметін жүзеге асыру кезінде кездесетін проблемалар туралы мәселелерді талқыладық», – деді Арман Шаққалиев.

Жергілікті кәсіпкерлер бүгінде бизнесті жүргізуге қолбайлау болған мәселелерімен бөлісті. Мәселен жоғары сапалы ұн өндіретін ірі компания - «DEZ» ЖШС өкілдері жабық теміржол вагондарының тапшылығына шағымданды. Кәсіпорын өз өнімдерін Өзбекстан, Ауғанстан сияқты елдерге экспорттайды, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріне саудалайды.

«Вагондардың көлік және экспедиторлық компаниялары біздің жабық вагондарға деген қажеттілігімізді толық қамтамасыз ете алмай отыр. Айтуларынша, вагондардың негізгі бөлігі ресейлік компанияларға жалға берілген. Біз, отандық компаниялар, әр вагон үшін дәл сондай бағаны төлеуге дайынбыз. Өйткені біз экспорттық келісімшарттар бойынша өнімді үздіксіз уақытында жеткізуіміз қажет. Айына бізге 100-150 вагон қажет», - деді кәсіпкер Зекай Танрикулу.

Арман Шаққалиевтің айтуынша, бүгінде елде вагондарға сұраныс артқан, бұл маусымға байланысты. Көрші Ресеймен жалға алу тарифінде айырмашылық бар, олар 40 % артық төлейді. Соған қарамастан, Премьер-Министр көліктік-логистикалық компаниялардың алдына жылжымалы құрамды ұлғайту міндетін қойды. Бұл ретте вагондарды бірінші кезекте экспорттаушы-қайта өңдеушілерге беру тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар